«ТҮЛЕК 2022- Жаңа Қазақстанның ертеңі»
16.06.22ж Шал ақын ауданының Кеңес орта мектебінде «ТҮЛЕК 2022- Жаңа Қазақстанның ертеңі» тақырыбында 11-сынып түлектеріне арналған аттестат тапсыру кеші өтті. Оқу ісінің меңгерушісі Нұрмағанбетова А.М. аттестат тапсыру кешіне келген ата-аналар мен қонақтарды мерекемен құттықтап,
2021-2022 оқу жылының аттестат тапсыру жөніндегі бұйрықпен таныстыра отырып, түлектердің мемлекеттік эмтихандарын жақсы тапсырып,сонымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша әр оқушының алған балдарымен және орташа балл 81 болғаны жөнінде айта кетті. Бұл әрине мектепте еңбек етіп жүрген ұстаздардың ерен еңбегі деп білуге болады. Биылғы оқу жылында 10 оқушы мектепті аяқтап, оның ішінде Бүркітбай Арайлым «Алтын белгі» иегері болса, Амангелді Айғаным «Үздік аттестат» иегері атанды. Жиын барысында сөз алған Мектеп директоры Мухамедин С.Қ. «Бүгін сіздер үлкен өмірдің алғашқы баспалдағынан өтіп, биік сатыларына қадам басқалы тұрсыздар. Біз сіздерден жаңалыққа жаны құмар, әлемнің көшіне ілесетін, озық ойлы жастар ретінде үлкен үміт күтеміз. Жаңа Қазақстанның негізгі тірегі де өздеріңіз. Ендеше, қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға тілектеспін», –деп ізгі лебізін білдіре отырып, түлектерге салтанатты түрде аттестат табыстады. Ата-аналарда түлектерге өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Мектеп бітіруші түлектер сөз алып, ұстаздар мен ата-аналарға алғыс айтып, олардың артқан сенімдерін ақтауға тырысатындарын жеткізді. Салтанатты шара мектеп бітіруші түлектердің вальсімен жалғасты. Үлкен өмірге басқан қадамдарың нық болсын. Сәт сапар тілейміз, жас түлектер!






Дата публикации: 17.06.2022